Иманжүзді дидарыңа қарап ем,
Жанарыңда жайнап тұрды бар әлем.
Болсам егер Леонадро да Винчи,
Сенің ғана суретіңді салар ем!
Арманымдай әдемі едің не деген?!
Көкке ұшырып, көңілімді демеген!
Болсам егер Галилео Галилей,
Бір жұлдызға есіміңді берер ем!.
Мұңлы, нәзік музыканың тілімен,
Скрипка мен фортепиано үнімен,
Болсам егер Бетховендей виртуоз,
Ай астында тербетер ем түнімен...
Европада бір жаңалық ашар ем,
Неше түрлі шедеврлер жасар ем!
Мен егерде болсам Микеланджело,
Ақ мәрмәрдан мүсініңді қашар ем!
Бәйге тігіп, бар ақшамды шашар ем,
Суретшілер көрмесін де жасар ем!
Болсам егер көпес Павел Третьяков,
Саған арнап галерея ашар ем!
Мұнарасын сары алтынмен жабар ем,
Іргетасын өз қолыммен қалар ем!
Болсам егер император Жаһан Шах,
Тәж-Махалды саған арнап салар ем!
Жер жүзінің шеберлерін алдыртып,
Ортағасыр сән-сәулетін жаңғыртып,
Болсам егер Зұлқарнайын Ескендір,
Сыйлар едім сұлу шаһар салдыртып.
Домбыраммен, дауысыммен, жаныммен,
Жан-сырымның жеткізер ем бәрін мен.
Болсам егер әнші Ақан серідей,
Ғашық қылып қояр едім әніммен!